Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы ::
logo

Сайт тілің таңдау

Әлеуметтік желілер

«Cаябақтағы кітапхана» жобасы қорытындыланды

21 тамыз 2026 52

Жазғы демалыс кезеңінде ұйымдастырылған жоба аясында балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, бос уақытын тиімді пайдалану, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін қалыптастыру және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған ашық аспан астындағы түрлі іс-шаралар өткізілді.

Марапаттау кешінің шымылдығын «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Баян Адырбек және Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Түркістан облыстық медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Бақытжан Бейсембаев ашып, жас оқырмандарға жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Қонақтар өз сөздерінде кітап оқудың жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтудегі маңызына тоқталып, балаларды білімге, ізденіске, шығармашылыққа және кітаппен достықты берік қалыптастыруға шақырды.

Және кітапты өздері сүйіп оқитын әрі балаларына да үлгі бола білген ата-аналарды "Үздік оқырман отбасы" және «Кітап оқитын әке» номинациясымен марапаттады.

Кештің құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасы Журналистер одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері, ҚР-на еңбек сіңірген қызметкері төсбелгісінің және Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Несіпкүл Өтебаева, ақын Айгерім Жұмабаева қатысып, жас оқырмандарға жүрекжарды құттықтау сөздерін арнады.

Құрметті қонақтар өз сөздерінде кітап оқудың адам өміріндегі маңызына тоқталып, кітап пен руханияттың, білім мен тәрбиенің өзара сабақтастығын атап өтті.

Марапаттау кеші барысында кітап оқуды отбасылық құндылыққа айналдырып, балаларымен бірге кітапханаға тұрақты түрде келіп, рухани-мәдени шараларға белсенді қатысып жүрген оқырмандарға ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, шығармашылығы мен таланты арқылы кітапхана өміріне ерекше әр беріп жүрген оқырмандар «Өнерлі оқырман» номинациясымен марапатталды.

Сонымен қатар, ақындық қабілетімен ерекшеленген оқырмандар «Шабытты оқырман» номинациясымен және «Кітап – шексіз әлем, шектеусіз мүмкіндік» жобасы аясында белсенділігімен ерекшеленіп, кітап әлемінен рухани нәр алып, білім көкжиегін кеңейтуге ұмтылған оқырмандар «Үздік оқырман» номинациясымен марапатталды.

Шара соңында Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Летаев Рысбек Ермекұлы қорытынды сөз сөйлеп, жобаға белсенді қатысқан оқырмандарға алғысын білдірді. Ол кітап оқудың жас ұрпақтың рухани дамуы мен білім көкжиегін кеңейтудегі маңызына тоқталып, оқырмандарды кітаппен достықты жалғастыруға шақырды.

Сондай-ақ тамыз айындағы «Айдың үздік оқырманы» номинациясының жеңімпаздарын арнайы марапаттап, алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады. Кітапхана директоры жас оқырмандарға шығармашылық шабыт, мол ізденіс және жаңа жетістіктер тіледі.

«Саябақтағы кітапхана» жобасы екі жыл қатарынан жүзеге асырылып, балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі пайдалы ұйымдастырудың тиімді алаңына айналды. Жоба барысында жас оқырмандар табиғат аясында кітап оқып, өзара пікір алмасып, әдеби-танымдық ойындар мен шығармашылық шараларға белсене қатысты. Екі жыл ішінде жобаға қатысқан оқырмандардың кітапқа деген ынтасы артып, кітапхана мен жас оқырман арасындағы байланыс нығая түсті.

Оқырмандардың қызығушылығы мен ыстық ықыласы жобаның өзектілігін айқындап, игі бастаманың жыл сайын жалғасын табуына негіз болып отыр. Алдағы уақытта да «Саябақтағы кітапхана» жобасы аясында жаңа форматтағы әдеби кездесулер мен танымдық шаралар ұйымдастырылып, жас ұрпақты кітап оқуға баулу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса бермек.


Smart-көмекші
Желіде

Сәлем! Мен сіздің цифрлық көмекшіңізбін: Кажетті санаттары таңданыз