Ыбырай Алтынсарин өмірі мен шығармашылығы
(1841-1889)
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы ескі стиль бойынша 20 қазанда Торғай облысы, Николаевск уезінің Арақарағай болысында (қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданы) дүниеге келді. Әкесі Алтынсары ауыл молдасы алдын көргені болмаса, басқалай оқу қумаған, момын адам болған. Ыбырайдың әкесін 1844 жылы Кенесары Қасымов жасақтары өлтіріп кеткеннен кейін анасы Айман ерінің інісі Қошанға тұрмысқа шығады, одан туған балалардың ұрпақтары қазір де баршылық (ақын Мариям Хакімжанова, ғалым Шәбден Балғожин, т. б.). Ыбырай тәлім-тәрбиені атасы Балғожа биден алады. 1846 жылдың 5 наурызында Балғожа Орынборға әдейі барып, Шекара комиссиясының председателі генерал-майор М.
В. Ладыженскийге Ыбырайды жаңадан ашылуыға тиісті қазақ балаларына арналған мектепке алуға арыз береді және ол қанағаттандырылады.
1850 жылғы 22 тамызда Орынбор қаласында Шекара комиссиясы жанынан қазақ балалары үшін арнаулы мектеп ашылды. Оқу мерзімі жеті жыл болып белгіленді.
Мектеп «Большая» аталатын көшедегі бір қабатты, күйдірген кірпіштен қаланған сәнді үйге орналасты. Сабақ 24 тамызда басталды. Осы мектепке қабылданған 30 баланың бірі болып Ыбырай Алтынсарин де алғаш қолына қалам алды. Оқытылатын негізгі пәндер орыс, қазақ және татар тілдері, сурет, сызу, есеп, география, тарих болатын. Бұларға қоса оқушыларды іс жүргізу және тергеу-тексеру ісіне, медициналық алғашқы
жәрдем беру жолдарына үйретті. Христиан және ислам діндері де негізгі пәндер қатарында оқытылды. 1857 жылғы 15 маусымда осы мектепті 20 оқушы тәмәмдады, Ыбырай үздік бітірген бес оқушының бірі болып ресми куәлік алып шықты. Әрине, жеті жыл оқу, Орынбордағы орыс зиялыларынан тәлім-білім алу Ыбырай Алтынсариннің рухани өсуіне кең жол ашты.
1857-1859 жылдарда Ыбырай Алтынсарин атасы Балғожа бидің қарамағында хат жүргізуші болып жұмыс атқарады. Оған 1858 жылы зауряд-хорунжий шені берілген болатын.
1859 жылғы 1 тамыздан бастап Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаш (аудармашы) болып тағайындалады. Шекара комиссиясының председателі, орыс ориенталисі, ғалым, генерал-лейтенант В. В. Григорьевтің қарамағында жұмыс істейді. Осы кезде жас жігіттің өз бетінше оқуына «Балғожа бидің айырықша бағалаған және Алтынсаринді де сүйе білген В. В. Григорьев» оның білімін онан әрі толықтыра түсуіне
көп жәрдемдесті. Григорьев арқылы Ыбырай Алтынсарин ориенталист-ғалым Н. И. Ильминскиймен танысты, кейін онымен дос болып кетті.
1860 жылы Орынбор өлкесінің басқару орны Торғай бекінісінен қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуға рұқсат алынды. Мектепке Ыбырай Алтынсарин оқытушы болып тағайындалды. Ол осы жылдың шілде айында Торғайға келді. Мектеп ашуға бірден мүмкіндіктер бола қоймады да, бекініс комендатурасында уақытша тілмаштық жұмыс атқара берді. Алайда, Ыбырай қол қусырып қарап отырған жоқ, ол үйіне бірнеше оқушы қабылдап, оларды оқыта бастайды. Н. И. Ильминскийге
1860 жылғы 18 қарашада жазған хатында Ыбырай былай дейді: «...Баронның (Мергден-Торғайдың әскери коменданты) мектеп ашуға жәрдемдескісі келмейді... дегенмен үш шәкіртім бар, олар менімен бірге тұрады, оқытып жатырмын...»
1861-1863 жылдар арасында Ыбырай Алтынсарин Торғай бекінісінен бір кластық мектеп aшy iciн оның үйін тұрғызудан бастады. Ұйымдастыру жұмысы біртіндеп алға баса берді. Осы өңірге әскери комендант болып «қайырымды орыс капитаны» Яков Петрович Яковлев келді. Ол бірден қазақ мұғалімінің оқу-ағарту жөніндегі қолға алған ісін қолдап, бірден-ақ достасып кетті. Оған себеп болған Орынбордағы білімді чиновниктердің бірі, оқыған, қазақтарға іші бұрып тұратын Алексей Александрович Бобровниковтың Яковлевке Ыбырай туралы айтып, оның ісін қолдауын сұрауы еді.
Ыбырай Торғай даласындағы ауылдарды аралап, мектеп құрылысына қаражат жинайды. Троицкідегі таныстарына хат жазып, құрылыс материалдарын, 1862 жылы Ыбырай Алтынсарин Қазан қаласында тұратын ақылшы-досы Н. И. Ильминскийден почта арқылы оқулық кітаптар алдырады, олардың ішінде Николай Ивановичтің «Самоучитель русского языка для киргизов» аталатын оқулығы да бар болатын. Осы
жылы оқушылардың саны төртеу болды. Оның ерекше қуанған бір оқулығы Н. И. Ильминский бастырып шығарған «Ер Тарғын» эпосы еді.
Осы жылдары Ыбырай Алтынсарин орыстың ұлы демократ-педагогі К. Д. Ушинскийдің «Детский мир» аталатын тамаша еңбегімен танысады, оны аса жоғары бағалайды.
1862 жылы Н. И. Ильминскийге жазған бір хатында былай дейді: «Балалар әлемі»(«Детский мир») маған өте ұнап кетті, өйткені, онда менің аудармақ болып жүрген нәрселеріме жарамды мақалалар көп екен. Молдалардың оқытып жүрген татар, араб, парсы, тілдеріндегі кітаптарының бәрі де адам баласын дұрыс ойдың бәрінен адастырады, кері кетіреді. Ал басқа халықтар сияқты қазақтарға да олардың өздеріне түсінікті тілде жазылған, оқығанда ақыл беріп, ой түсіретін кітаптар керек. Бар күшімді жинап мен «Балалар дүниесінен» бір мақаланы аударып көргелі отырмын. Тірі болсам сіздің шолып шығуыңызға жіберемін».
1863 жылдың аяғына таман Ыбырай өзі жобалаған мектептің құрылысын бітіреді, жүйелі оқуды бастауға әзірліктің аяқталғанын Орынбор әкімшілігіне хабарлайды.
1864 жылдың 8 қаңтар күні «бекіністің барша тұрғындарының қатысуымен Торғайдағы қазақ мектебі салтанатты түрде ашылды. Үлкен той болды, халықтың әдет-ғұрпына сай ат шабыс, т. б. ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қазақтар мәз-майрам, үлкен қуаныш үстінде. Бірден он үш бала оқуға жазылды».
Торғайдың әскери коменданты Я. П. Яковлев Орынбыр басшыларына былай деп мәлімдеді: «Мектеп қамқоршысы зауряд - хорунжий Алтынсариннің адал еңбегі мен шын ықыласы арқасында мектеп аса бір таза, ұқыптылықпен сақталуда. Қазақ балаларының оқу-білімге бірден ден қоюына қарағанда Торғайдағы осы бірден-бір оқу орны жетістіктер мен табыстарға үнемі жете беретініне әбден сенуге болады».
1865 жылдың 22 мамырда Торғайдағы қазақ мектебінің оқушылары тұңғыш сыннан өткізіліп, жазғы демалысқа таратылды. Сын қорытындысында төрт оқушы - Бірімжанов Қ., Қапезов Н., Жанғалин Н., Тәшенов И. сыйлық алды. Оларға сыйлыққа Ыбырай «Рассказы о природе и явлениях», «Албом любителей скотоводства», «Картина из быта диких зверей», «Рассказы о солнце, луне и звездах» аталатын кітаптарды берді.
Осы жылы Алтынсарин жұмысты жігерлі ұйымдастырғаны үшін хорунжий атағын алды.
1866-1868 жылдар арасында Ыбырай мектептегі жұмысын жалғастыра берді, аратұра уезде уақытша судья болды, Я, П. Яковлев жұмыс бабымен ұзақ жолға шықса, оның орнына да жұмысқа қалып жүрді. Халық арасында оқу-ағарту ісін насихаттады.
Торғайдағы төрт жылдық қазақ мектебі 1869 жылы Алтынсариннің ұсынысы бойынша орыс-қазақ училищесі болып қайта құрылды.
1868 жылы «Уақытша Ереже» бекітіліп, Орал және Торғай облыстары ұйымдастырылды. Торғай облысы төрт уезден құрылды да, солардың бірі Торғай уезі болып аталды. Орталығы Торғай қаласы. Ал, 1869 жылы «Уақытша Ереже» күшіне енді де, Торғайда уездік басқарма құрылды. Алтынсарин бұл өзгерістерді қолдады уезде жер бөлу ісіне араласты, уездік басқармада іс жүргізу жұмысына қолғабыс жасады. Ауыл
аралап, болыстар мен старшиналар сайлауына араласты. Уезд бастығының аға жәрдемшісі ретінде ел арасындағы зорлық-зомбылыққа, қиянат пен зұлымдыққа, парақорлыққа қарсы күресті. Осы жұмыстардың қайсысын атқарса да Ыбырай Алтынсарин өзінің негізгі міндеті ағартушылық жұмысын өте-мөте қадірлеп, оны айырықша құштарлықпен, сүйіспеншілікпен атқарып жүрді.
1870 жылы Россия географиялық қоғамының Орынбор бөлімінің бірінші «Запискасында» Ыбырай Алтынсариннің «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі», «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» атты этнографиялық мақалаларын жариялады. Бұл мақалалар ұлы педагогтың публицистикаға алғаш қалам тартуы
болатын.
1870 жылы ол қазақша жазуға орыс графикасын пайдалану мүмкіндігі туралы Н. И. Ильминскийге хат жаза бастайды. Соңғы жылдары Алтынсарин қазақ даласындағы оқу ісінің болашағы туралы көп ойлай бастады. 1871 жылдың 21 тамызда Н. И. Ильминскийге жазған бір хатында ол мынадай қорытындыларға келгенін білдіреді:
«Мектеп қазақтарға білім берудің басты құралы, олар қазақ даласының кез келген жеріне ретсіз салынатын болса, ешбір пайда келтіре алмайды... Артта қалған халықты білімге қызықтырып тарту үшін мектеп бітіргендерге қай жөнінен болса да бір артықшылық берілуі керек. Сонда ғана оқушылардың саны ешбір күмәнсіз тез өседі.
Осылай еткенде ғылыммен қаруланған, әр нәрсеге дұрыс көзқарасы бар адамдар қазақ арасында көбейіп, бүкіл халыққа әсер ете алады».
1873 жылы Ыбырай Алтынсарин Россия халық ағарту министрлігі құрған ұлттар жазуында орыс графикасын пайдалану жөніндегі комиссия мүшелігіне енді. Комиссияның жұмысы Қазан қаласында болғандықтан Ыбырай ақылшы ұстазы Н. И. Ильминскиймен кездесемін-ау деп қатты қуанды, бірақ әртүрлі себептермен аталған комиссия жұмысын бастамай қойды. Осы жылы ол орыс географиялық қоғамына мүше болып
қабылданды.
1874 жылдың 16 ақпан күні уездік судья Плотников қайтыс болды да оның орнына уақытша Ыбырай Алтынсарин тағайындалды.
1876 жылы Россияның халық ағарту министрі граф Д. А. Толстой Орынбор оқу округінің жұмысымен танысу мақсатында жолға шығып, жолай Қазан қаласына тоқтады. Бұл 7 қыркүйек еді. Дәл сол күні Ыбырай Алтынсарин досы Н. И. Ильминскийдің үйіне, Қазан қаласына келеді.
Н. И. Ильминский Ыбырай Алтынсаринмен әңгімелесіп отырып, егер «Министр қазақ мектептерін көбейту, оны басқару туралы мәселе көтерсе, сен туралы айтсам қалай қарайсың»- деп сұрады, сонда Алтынсарин: «Әкімшілікті, оның ішінде судья болуды, шынымды айтайын, жаным сүймейді. Мені оқу-ағарту ісі тартады да тұрады, оны бар жаныммен сүйемін. Граф мені қазақтарға білім беруді ұйымдастыруға қатыстырса,
өзімді бақытты санар едім». -деді. Сонымен Николай Иванович Алтынсаринге қыркүйектің соңғы күндерінде қалайда Орынборда болуын тапсырды. Н. И. Ильминский уәдесіне жетіп, қыркүйек айының соңғы күндерінің бірінде Орынбор қаласында Ыбырай Алтынсаринмен граф Толстойды кездестірді. Бұл оқиға туралы Николай Иванович:
«Граф оны жайдары қарсы алды. Алтынсарин өзін онымен тең адамша, аса салмақты ұстады. Осы жерде министр оны қазақтардың оқуын ұйымдастыру жұмысына тартатындығын хабарлады»- деп жазды. 1877 жылы 22 желтоқсанда Ыбырай Торғай облысына қарасты уездердегі суармалы жер шаруашылығының жәйі, оны дамыту жолдары туралы өз ойын облыстық басқармаға жазады. Осы жылдың наурыз айында ол Орал мектептерін басқаратын инспектордың көмекшілігіне шақыртылып, оған келісімін береді. Бірақ әлдебір себептермен бұл жұмысқа бармай қалады. Ыбырай Алтынсарин орысша әріпті пайдаланып, «Қазақ хрестоматиясын» жазу жұмысын жалғастыра берді. Қазақ мектебінде орыс тілін оқы-тудың әдістері туралы қолжазбаларын қайта қарап, өңдеп, толықтыру жұмысымен айналысты. Торғай облысына қарасты уездерде мектептер ұйымдастыру, олардың оқу-материалдық базаларын жасау, оқытушылар іздестіру, табу сияқты мәселелерді ойластыра бастайды, ойларын Н. И. Ильминскийге хат арқылы хабарлап, одан ақыл-кеңес сұрап отырды.
1879 жылғы қыркүйекте Ыбырай Алтынсарин ресми түрде Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Торғай облысы ол кезде Елек, Ырғыз, Торғай, Николаевск (Қостанай) уездеріне бөлінетін еді. Орынбор губерниясына бағынатын Тройцк уезіндегі мектептерді де Ыбырай Алтынсарин қоса басқарды. Ол осынау мерейлі іске құлшына кірісті. Алдымен оқытушылар іздестірді, оған Н. И. Ильминский көмектесті. «Алтынсариннің сұрау-тілегін ескеріп, 1879 жылы Қазаннан өзім басқаратын оқытушылар семинариясын бітірген Семен Меркурьевті Ырғызға, Иван Григорьевті Торғайға жұмысқа жібердім. Екеуі де христиан дінін қабылдаған татарлар болатын олар қазақ тілін тез үйренер деген ойдамын».
Осы жылы Ыбырай Алтынсарин орыс-қазақ мектептеріне арнап Орынбор баспасынан екі оқу құралын - «Қазақ хрестоматиясын» және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралын» жарыққа шығарды. Екі кітаптың да корректурасын Орынборға барып өзі оқыды. Бұл еңбектер ғылыми деңгейде жазылған асыл мұралар, қазіргі кезде де қадір-қасиетін жоймаған қымбат қазына.
Екі кітапта да барлық қазақ сөздері орыс графикасымен берілді. Генерал Кржыжановскийдің Торғай облысының уездеріне 1879 жылғы 11 желтоқсанда жолдаған ресми хатында мынадай жолдар бар: «...Торғай және Орал облыстарында ісқағаздарын қазақ тілінде орыс алфавиті негізінде жазу қажет, сөйтіп біртіндеп қазақтардың татар тілінде іс қағаздарын жазуынан арылуымыз керек. Қазақ тілінде қатынас қағаздарды жазуға әбден болатындығын біздің дарынды қазағымыз Алтынсарин дәлелдеп берді. Ол «Қазақ хрестоматиясын» орыс алфавитімен таптамаша жазып, баспадан шығарды».
Осы жылдың 25 қараша күні Ыбырай Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясының» бір данасын Петербургке В. В. Григорьевке, бір данасын Қазанға Н. И. Ильминскийге жіберді. Екеуіне де әдейі хат жазды. В. В. Григорьевке жазған хатында: «Қазақ тілінде жазылған осы бір тұңғыш кітапты сізге сыйға тартамын. Оны жазған Сізден тәрбиекөмек алған адал досыңыз, Сізді шексіз құрметтеуші Ы. Алтынсарин» депті.
Осы хатында Торғай облысында жаңа мектептер ашу туралы ойларын да баяндаған. Ол болыстық мектептерді «ашудың қажеті жоқ, өйткені оларға лайықты оқытушы тапшы. Жөнді білімі бар адам 200-300 сомға бола қазақ даласының түкпіріне барып, мектебімен бірге көшіп-қонып жүре алмайды, екіншіден, болыстық мектептер жұмысын жақсы жолға қоюға қаражат та таптырмайды» - деген дәлелдер айтады.
Оның ойынша «алдын-ала әзірленбей мектеп аша салу орынсыз», тіпті бұл мектептерге не бір өсекші қазақтарды, «немесе бүкіл Россиядан орын таба алмай жүрген маскүнем бір чиновникті» ала салудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайда дала қазағын оқудан шошындырып аламыз, ал кейін оларды түсіндіру мен иландыру тіптен қиын. Парасатты, алдын ойлай білетін Ыбырай Алтынсарин: «Әуелі әрбір уезде жақсы жабдықталған бір-екі кластық, немесе үш кластық мектеп ашуымыз керек. Бұларда оқитын балаларды тазалыққа дағдыландырып, әр нәрсеге ой көзімен қарай білетін азамат етіп тәрбиелеген жөн»- дейді.
1879-80 жылдың қысы аса қатты болды. Ол Торғай даласына үлкен жұт әкелді. 1880 жылдың 4 сәуір күні Орынборға, В. В. Катаринскийге жазған хатында былай дейді:
«Біздің сүйікті Торғайымыз ешбір жанның есіне келмеген апатқа ұшырады. Бұрын гүлденген, бай уезд еді, енді қайыршы уезд болып қалды, ақшаға еш нәрсе табылмайды».
Ыбырай Алтынсариннің ұсынысы бойынша Бөрте болысында 1881 жылдың қараша айында бір кластық орыс-қазақ училищесі ашылды. Бастапқыда бұл мектеп Ақтөбеде ашылуға тиіс болатын. Ақтөбеде мектеп үйі болмағандықтан Ыбырай Алтынсарин оны Бөртеде ашқан еді. Қалай болғанда да 1881 жылы болыстағы төрт уезде де мектептер жұмыс істеп жатты. Осы жылдың 5 сәуір күні Алтынсарин В. В. Катаринскийге былай
деп ақпар-хат жазды: «Төрт бекіністе төрт қазақ мектебі (училищелер) жұмыс жасап жатыр».
Олар Торғайда, Ырғызда, Ақтөбеде (уақытша Илецкіде), Ортабайда (Қостанай уезінің орталығы болуға тиіс жайылым аты, бұл мектеп Троицкіде 1861 жылы ашылған).
1881 жылдың 4 қазанда Ыбырай Алтынсарин Н. И. Ильминскийге хат жазып, Торғайда қолөнер мектебін ұйымдастырғысы келетінін хабарлайды:
Торғай және Ырғыз мектептері екі кластық (6 жыл) орыс-қазақ мектептері (училищелері) деп аталатын, себебі онда қазақ және жаңадан келіп қоныстанған орыс балалары бірге оқиды, ал Троицкідегі қазақ мектебі екі кластық, Бөрте немесе Ақтөбе қазақ мектебі бір кластық (төрт жыл) болды.
Уезд орталықтарындағы мектептерді уездік не қалалық деп атап, осы тәріздес Россия мектептерінің праволарын беруді Ыбырай Алтынсарин Орынбор оқу округі алдына әлденеше қойды, бірақ оның сұрау-тілегі аяқсыз қалдырылды. Бұл мектептерде география, сызу, тарих, есеп және жаратылыстанудан сабақтар өткізілетін. Орыс тілінен Ыбырай Алтынсариннің «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы», оның жалғасы ретінде ұлы орыс педагогі К. Д. Ушинскийдің «Родное слово» аталатын оқулығы пайдаланылды. Сол сияқты орыстың белгілі педагогі Н. Ф.
Бунаковтың әліппесі мен 1882 жылы жарық көрген «В школе и дома» аталатын оқу құралдарын да басшылыққа алған Ыбырай Алтынсарин мектепте өмірге аса қажетті ғылым салаларынан да, ән-музыкадан да сабақтар жүргізуді ұйымдастырды. Мысалы, Ырғыз мектебінің оқушылары музыкадан сабақ алды, оны жергілікті музыка әуесқойы Бажанов жүргізді, ал Торғайдағы дәрігер Орлов мектеп оқушыларына шешекке қарсы
егуді, басқа да емдер қолдануды үйретті. Уезд орталықтарындағы орыс-қазақ училищелері жанынан қоғамдық негізде кітапханалар ашылды. Алтынсарин бұл мәдени ошақтарды жабдықтауға мектептердің қоғамдық қамқоршылары арқылы ақша жинады. Ұлы педагог әрбір мектептің жанында монша болуын немесе уезд орталығындағы моншаны аптасына бір рет мектеп оқушыларының қарауына беруді ұйымдастырды.
«Ақтөбе мектебінің жанында монша жоқ еді. Сондықтан мен Елек уезінің бастығынан мектеп жанынан ағаштан монша салуға қоғамдық қаржыдан 50 сом ақша сұрап алып, оны қазір салдырып та қойдым». Ыбырай Алтынсарин қажымай, талмай жүріп 1883 жылдың 15 қарашада Торғай қаласынан қолөнер мектебін ашады.
Бұл қазақ даласындағы техникалық мәні бар тұңғыш оқу орны еді. Оқуға бірден 10 бала қабылданды. «Қазақтардың,- деп жазды Алтынсарин, тез қадаммен отырықшылық тұрмысқа көшіп жатқанын еске алып... қолөнер мектебін ашуды ұсынып едік. Міне, енді біздің бақытымызға бұл алғашқы тәжірибеміз сәтті жеміс беріп отыр». 1883 жылы уезд орталықтарында 4 мектеп, бір қолөнер мектебі жұмыс істеді, оларда 168 оқушы болды. Осы жылы күзде Ыбырай семьясымен Қостанайға көшіп келді. Оған себеп болған Торғай облысы оқу инспекциясының ресми жұмыс орны осы қалада болуы еді.
Бұл тұста Ыбырай Алтынсарин болыстық мектептер ашу қамына кіріскен. 1883 жылғы 3 қазанда ол Орынбордың вице-губернаторы В. Ф. Ильинге Торғай облысына қарасты елді пункттерде болыстық мектептер ашу туралы рапорт жазады. Онда мектеп-тер болысқа қарасты қолайлы қоныста ашылуын, арнап жергілікті материалдардан берік те жылы үйлер салу қажеттігі айтылды. Жұмсалатын қаражат есебі келтіріліп, мұғалім
кадрлар іздестіріп табу жолдары көрсетілді.
1883 жылдың 10 сәуірде Орск қаласында қазақ мұғалімдерін даярлайтын тұңғыш мектеп ашылды. Бұл Ыбырай Алтынсариннің Орынбор округі басшылары алдына көптен қойып келе жатқан келелі мәселелерінің бірі болатын, ақыры арманы орындалды.
«Оқытушылар мектебі біздің оқушыларымыздың барып түсетін мектебі, бұлар сонда белгілі білім алып қазақ халқының тұрмысына, өміріне шынында да пайдалы болған болар еді. Қазақ халқының ақыл-ойы мен экономикасының дами беруіне көмектесе алатын адамдар болар еді» - деп жазды ол.
1884 жылы Алтынсариннің «Шарият-ұл-ислам» (Тәңірі заңдарының ережелері) аталатын еңбегі Қазаннан басылып шықты. Оны қолжазба күйінде Н. И. Ильминскийге, әріптестеріне көрсетіп, олардың орынды пікірлерін ескерді. Бұл еңбекті жарыққа шығарудағы негізгі мақсаты туралы 1882 жылдың 12 қыркүйегінде ол былай деп жазды: «...қазіргі кезде қазақ арасында Мұхамбеттің діни оқуы жайылып, етек алып барады... діни оқуға пайдаланатын... кітаптарда ешбір жүйе де, көбінде ешбір мағына да жоқ...» дей келіп, діни оқуға кедергі жасап, белгілі дәрежеде тосқауыл қою мақсатында осы кітабын жазғанын айтады.
Ыбырай мұраларын зерттеуші ғалым, Қазақ ССР академиясының корреспондент-мүшесі 3. Дербісәлин «Шарият-ұл-ислам» кітабының алға қойған мақсаттары: «Біріншіден, діни қиялдар мен жалған уағыздаушылықты теріске шығару, екіншіден, оларға дін туралы жай ғана түсінік беру, үшіншіден, мектептерде міндетті түрде жүргізілетін дін сабағына осылардың негізінде жаңа оқулық жасау» деп орынды тұжырым жасады.
1884 жылғы 12 қыркүйекте Ыбырай Алтынсарин Орынбор әскери губернаторының алдына Қостанай қаласынан орыс балаларын оқытатын мектеп ашу мәселесін қойды. Ол былай деп жазды: «Қазір 20 орыс баласын Қостанайдағы қазақ мектебіне оқуға алдым, амал не, бұл осынша көп тұрғындар үшін шағын ғана шаралар».
1886 жылы Орск мұғалімдер мектебін он адам бітіріп шықты - олар түгелдей Торғай облысынан еді. Бітіргендерден төрт адам Красноуфимскідегі реальное училищеге оқуын одан әрі жалғастыруға жіберілді де, бесеуі мектептерге мұғалім болып орналасты, тек И. Тоқмағамбетов қана Торғай судьясына тілмаш болып қалды. Алғашқы бес мұғалім Д. Тоқтабаев, Р. Балғымбаев, Б. Қосылбаев, С. Әлімқұлов, У. Асауов Торғай облысының әр
түрлі мектептерінде ұзақ жылдар оқытушы болды. Осылардың ішінен Ғабдулғали Балғымбаев (1866-1943) Торғай даласының оқу-ағарту ісіне ерекше еңбек сіңірді.
Алтынсарин 1886 жылы «Қазақтың болыстық мектептері туралы записканы» жазды. Бұл записканы «оның ағартушылық, педагогикалық және саяси көзқарастарын толық білдіретін трактат деп атаса да болғандай» еді (Ә. Дербісәлип). 1886 жылдың 18 январында ол өткен жылдың оқу қорытындысы туралы Орынбор оқу округіне жазбаша есеп берді. Онда жұмыс істеп тұрған мектепті бітіргендердің бір тобы жоғары оқу орындарына түсіп, алған білімдерін тереңдете түсумен шұғылданып жатқанын әдейі ескертіп айтты. «Соңғы бес жыл ішінде төрт орталық мектепті
бітірген 34 адамнан Орск мұғалімдер мектебіне, Троицк, Орынбор және Омбы гимназияларына 6 адам, фельдшерлік мектепке 2, Омбы кадет корпусына бір адам оқуға жібердік», - дей келіп, «...оқу құралдары оқулықтар, көрнекі құралдар әр түрлі карталар, глобустар, атластар, тарихи суреттер, т. б. жеткілікті» - деп хабарлады.
Бұл кезде Торғай облысының уездеріндегі төрт мектеп екі кластық (6 жыл) программамен жұмыс істеп жатты. Қолөнер мектебі де біраз кеңейіп, онда токарлық, киім тігу, ағаш бұйымдарын жасайтын мамандар даярлау ісі біраз жақсара түскен еді.
Мектептерде 208 оқушы, 18 мұғалім болды. 1887 жылы Ыбырай Алтынсарин облыстық мектептер ашу ісіне қызу кірісті. Торғай облысының әскери губернаторы А. П. Проценко болыстық мектептер ашуға ресми түрде рұқсат берді. Оған дәлел - Алтынсариннің В. В. Катаринскийге осы жылдың 28 мамырда жазған хатындағы: «...Бөрте болысында мектептің ашылуын тездету үшін Елек уезіне де баруым керек. Бұл мектепті ашуға рұқсат алдық» деген жолдар.
1887 жылдың 6 қазанде Елек уезіне қарасты Бөрте болысынан, Қостанай (Николаевск) уезінің Обаған және Жетіқара болыстарынан бір кластық мектептер ашылды, әрқайсысының жанында қазақ балалары жататын 25 орындық интернаттар салынды. Ыбырай Алтынсарин сол жылдың 1 ноябрінде Қарабұтақ бекінісінен тағы да бір кластық қазақ мектебін ашты. 1887 жылы Торғай даласында үлкен мәдени оқиға болды.
Ол — 15 қыркүйекте Ыбырай Алтынсариннің көптен әзірлеп, оқу құрал-жабдықтарын өзі жинап жүрген Ырғыз қыздар училищесінің салтанатты түрде ашылуы еді.
Ыбырай Алтынсариннің Орынбор оқу округінің алдына қойып жүрген бір мәселесі - Орынбор кадет корпусына жылма-жыл Торғай облысы қазақтары балаларын тұрақты оқуға алғызу болатын. Оның ұсынысы қабылданып, 1887 жылдың 19 қарашасында әскери губернатор жыл сайын аталған корпусқа Торғай облысынан бір қазақ баласын алуға ресми рұқсат беріп, стипендия тағайындады, бірақ бұл оқуға «тек тұқым қуалаған
дворяндардың балалары ғана түсе алады» деп әдейі атап көрсетті.
1887 жылдың 25 маусымында Алтынсарин әскери губернатордан Қостанай қаласынан орыс балалары үшін екі кластық училище ашуды, оған қосалқы шаруашылық үшін жер бөліп беруді, Торғай уезіндегі Батпаққара жайылымынан болыстық мектеп ашуға рұқсат сұрады. Болыстық мектептерді ұстауға кететін жылдық қаражаттың есебін шығарып, бір жылдық сметаны хатқа қоса жіберді.
1888 жылы Ыбырай Алтынсариннің сұрауы бойынша Қазаннан Н. И. Ильминский жіберген екі оқытушы келді. Алексей Килячков Қостанай мектебіне, Василий Лапшин Ақтөбе мектебіне орналастырылды. Осы жылдың 7 қыркүйегінде Батпаққара болыстық мектебін ашуға рұқсат алынды, бірақ онда қолайлы үй болмағандықтан, 13 қыркұйекте Қараторғайдан ашылды да, оған 12 оқушы қабылданды.
1888 жылы Ыбырай Алтынсарин қолөнер училищесін бітіргендерді сынақтан өткізді, тиісті мамандықтарына байланысты куәлік қағаздарын тапсырды. Алғашқы мамандардың ішінде Торғай уезінің Шұбалаң болысындағы № 2 ауылдың азаматтары Мығымбай Көркембаев пен Бижан Айдарбеков ағаш шебері және токарь мамандықтарын алды. Олар Торғай даласындағы тұңғыш қолөнер мамандары еді.
Ыбырай Алтынсарин әрбір уезд орталығынан бір-бірден интернаты бар қыздар мектебін ашуға бар күшін салды. Торғайда осындай мектеп ашуға 1888 жылы Орынбор оқу округінің алдына ресми мәселе қойылды. Мектеп ашуға әзірлік мол, тек ресми рұқсат қажет еді. Алайда оған рұқсат Ыбырай дүние салғаннан кейін, 1890 жылы ғана берілді. Реті келгенде айта кетейік, Ыбырай Алтынсарин ұсынған қыздар мектептері Торғайда 1891 жылы, Қостанайда 1893 жылы, Қарабұтақта 1895 жылы, Ақтөбеде 1896 жылы ашылды. Орысша-қазақша қыздар мектебінде оқушылар саны 1896 жылы 211-ге жетті, олардың 141-і орыс, 70-і қазақ қыздары еді.
1888 жылдың тамыз айының 21 күні Қостанайда Ыбырай Алтынсарин Торғай жеріндегі тұңғыш орыс мектебін ашты. Мектепке ер балалар ғана қабылданатын болды да, алғашқы екі күнде мектепте оқуға 57 бала жазылды.
Осы жылы Ыбырай уезд орталықтарындағы орыс-қазақ училищелерінің жанынан кәсіптік мамандықтарға даярлайтын бөлімдер құрылды. Сөйтіп, Яковлевтің көмегімен қолөнер мектебіне қосымша тағы төрт жерден мамандар даярланатын болды. Сол жылы-ақ аталған мектептер қажетті құрал-жабдықтармен, мұғалім кадрларымен толық қамтамасыз етілді. Торғай даласында ауыл шаруашылығына маман кадрлар даярлау үшін басқа да арнаулы оқу орындарын ашу мәселелерін Орынбор әкімшілігі алдына Алтынсарин қайыра қойып отырды. Мысалы, Торғай облысының әскери губернаторына 1888 жылдың 28 желтоқсанында мынадай мәселелерді жедел шешуді ұсынды: тәжірибе ретінде Ырғыз училищесі жанынан тері заводын ашу керек. Тері илеу және сабын жасау заводтарын басқа да училищелер жанынан ашса артық болмас еді,
шикізатқа жақын тұ-ратын болыстық мектептер жанынан осындай заводтар ашу пайдалы, өйткені шығарған өнімді өткізу ыңғайлы. Алтынсарин «осы сияқты техникалық мәні бар шараларды іске асыру сахарадағы қазақтарға игі әсерін тигізер еді» дейді. Ол Красноуфимскідегі реальное училищені тәмамдаған Уәли Измаиловты Ақтөбе училищесіне, Бөлебай Сарыбатыровты Ырғыз училищесіне, Елжан Оразбаевты Торғай училищесіне, Асылқожа Құрманбаевты Николаевск училищесіне жіберді. «Ойымыз, — деп жазды Алтынсарин, - қазақ даласына техникалық білім тарату... Б. Сарыбатыровтың тері заводын ашуға құлшына кіріскісі келеді, қажетті есеп-қисап, смета жасауды да өз мойныма аламын деп отыр».
1888-1889 оқу жылында қос бойы Орск, Елек, Ақтөбе мектептерін тексерді, денсаулығы бірден-бірге нашарлай берді. 1889 жылдың 15 шілдесіндегі В. В. Катаринскиге хатында:
«Сізге соңғы хатымды жазғаннан кейін мен тағы да ауырып калдым. Бұл жолы бұрынғыдан анағұрлым қатты ауырдым, жұрт мені жаны калса тәуір болар еді деп қауіптенеді.
Әлі де ауырамын, ұйқым жоқ десем де болады, тамақ ішпеймін. Жүрегімнің соғуы күшті, ентіге беремін»- деп жазған. Ыбырай Алтынсариннің өмірінің соңғы күндеріне дейін жанында болған сүйікті шәкірті, әрі әріптесі Р. Балғымбаевтың естелігінде мынадай жолдар бар: «Шілде айының басынан Алтынсарин тіпті қатты ауырып жатты, өкпесі қабынған ба, әлде басқа бір жері ауыра ма, әйтеуір iciніп кетті».
Ыбырай Алтынсарин аурулығына қарамай Костанай қаласына келіп, Торғай губернаторы Барабашпен кездесіп, мына мәселелерді шешуге келісімін алды: оқу-ағарту ісіне халықтан қосымша қаражат жинау, қыз балалар оқитын училищелер ашу, ауыл шаруашылығы мектебін ұйымдастыру, Москвадағы Жер шаруашылығы академиясында оқитын қазақ балаларына стипендия төлеу, Красно-уфимскідегі училище оқушыларына стипендиясын көбейту, тері өңдейтін және сабын қайнататын заводтар ұйымдастыру, т. б.
Оның ауруы күн өткен сайын асқына берді. Біраз күндер қоныс аударып, қымыз ішіп, таза аya жұтып дегендей табиғат аясына шығып та көрді, бірақ көмек болмады.
Ұлы педагогтың қатты науқас екені бүкіл Торғай даласына тарады. Онымен кездесуге көңіл білдіріп, денсаулық тілеуге жер-жерден досжарандары, ұстаздары, шәкірттері келіп жатты...
1889 жылғы шілде айының 17-күні, күндізгі сағат 11-де, 48 жасына үш ай үш күн қалғанда Ыбырай Алтынсарин Тобыл өзенінің жағасына жерленді. Орыс-қазақ халықтары ұлы достығының дәнекері болған, қазақ даласына білім нұрын шашқан ардагер азаматты елі осылайша қайтпас сапарға шығарып салған еді...

Сәлем! Мен сіздің цифрлық көмекшіңізбін: Кажетті санаттары таңданыз