Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы ::
logo

Сайт тілің таңдау

Әлеуметтік желілер

РУХАНИЯТ ОРДАСЫНА – 65 ЖЫЛ: БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫНДА МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

20 қазан 2026 89

Мерейтойлық іс-шараның мақсаты – кітапхананың 65 жылдық тарихын саралау, рухани-мәдени мұрасын дәріптеу, балалар кітапханасының қоғамдағы орнын айқындау, кітап оқу мәдениетін насихаттау және кітапхана саласының дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегін ұлықтау.

Іс-шараға кітапхана саласының мамандары, мәдениет және білім саласының өкілдері, ғалымдар, ардагер кітапханашылар мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Іс-шара аясында қатысушыларға кітапхананың цифрлық ресурстары таныстырылды. Атап айтқанда, кітапхананың веб-сайты, DSpace репозиторийі және «БАРЫС» электрондық каталогының мүмкіндіктері көрсетіліп, заманауи ақпараттық технологиялардың кітапхана қызметіндегі маңызына назар аударылды.

Мерейтойлық жиынды Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шардарбекова Жанат Сәдібекқызы жүргізді.

Іс-шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Алтаев Ертай Кенжебекұлы құттықтау сөз сөйлеп, кітапхананың мәдени-рухани өмірдегі маңызын атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету және тіркеу қызметі жетекшісінің орынбасары Еркебаева Балжан Айтбайқызы ізгі тілегін білдірді.

Дөңгелек үстел барысында Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық және педагогикалық мұрасы, оның қазіргі ұлттық тәрбие жүйесіндегі орны кеңінен талқыланды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Кенжетай Досай Тұрсынбайұлы «Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасы» тақырыбында баяндама жасап, ұлы ағартушының білім мен тәрбие саласына қосқан үлесіне тоқталды. Сонымен қатар, «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Адырбекова Баян Садыққызы «Ыбырай Алтынсарин мұрасы және қазіргі ұлттық тәрбие: «Адал азамат» пен «Кітап оқитын ұлт» мұраты» тақырыбында ой қозғап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі кітап оқудың маңызын атап өтті.

Шараның арнайы қонақтары Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейінің бас қор сақтаушысы, тарих ғылымдарының магистрі Назгүл Дүкенқызы «Ы. Алтынсарин мұрасы: музейдің қалыптасуы мен музей жәдігерлерінің тарихи құндылығы» тақырыбында баяндама жасап, ұлы ағартушының өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи жәдігерлердің маңызын таныстырды.

Жиынға Шығыс Қазақстан облысының балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Назгүл Мұратбекқызы да қатысып, мерейтой иелеріне ақжарма тілегін жеткізді. Бұл өз кезегінде кітапханалар арасындағы кәсіби ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңызын айқындай түсті.

Іс-шара барысында кітапхананың тарихы мен қалыптасу жолында еңбек еткен ардагер мамандарға да ерекше құрмет көрсетілді. Балалар кітапханасын басқарған ардагер кітапханашылар Алтаева Насия Нұрмаханбетқызы және Бегежанова Зоя Оралбайқызы, Дінәсілова Шарбану Әлмаханбетқызы, Хакимова Галия Сеитовна құттықтау сөз сөйлеп, кітапхананың даму кезеңдері мен еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті.

Дөңгелек үстелді Түркістан облыстық Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Летаев Рысбек Ермекұлы қорытындылап, кітапхананың 65 жылдық белесі – талай ұрпаққа рухани азық беріп, жас оқырмандардың білімге деген құштарлығын арттыру жолында атқарылған елеулі еңбектің жемісі екенін атап өтті. Сондай-ақ кітапхана ұжымына, ардагер мамандарға және мерейтойлық іс-шараға қатысқан қонақтарға алғысын білдірді.

«Руханият ордасына – 65 жыл» атты дөңгелек үстел мазмұнды баяндамаларға, тағылымды естеліктерге және жылы лебіздерге толы болды. Мерейтойлық кездесу кітапхананың бай тарихын ұлықтап қана қоймай, рухани мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру бағытындағы маңызды басқосу болды.


Smart-көмекші
Желіде

Сәлем! Мен сіздің цифрлық көмекшіңізбін: Кажетті санаттары таңданыз