Мақсаты: Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай ұлы ағартушының шығармаларын кеңінен насихаттау. Балаларды ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен еңбегімен тереңірек таныстыру, ғылыми ізденіске баулу, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
«Алтынсарин тағылымы-тәрбиенің темірқазығы» байқауына Түркістан облысына қарасты кітапханалардың 17 үздік оқырманы қатысты.
Қатысушылардың білімін бағалау кезінде байқаудың талаптары мен шарттарына сәйкес, оқушылардың сөйлеу мәнерін, тіл тазалығын, көркемдік деңгейіне қарай бағалайтын қазылар алқасының құрамында «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Адырбек Баян Садыққызы, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз Өтебаева Несіпкүл Мейманханқызы және Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы директорының орынбасары Исабекова Айгүл Бақытқызы төрелік етті.
Екі кезеңнен тұратын байқауда оқырмандар ережеге сәйкес жоғары деңгейде өнер көрсетті. «Алтынсарин оқулары» кезеңі бойынша қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқып, шығармалардың мазмұнын терең түсіне отырып, көркемдік ерекшеліктерін шебер жеткізе білді. Бұл кезеңде олардың сахна мәдениеті, дауыс ырғағы мен оқу мәнері ерекше бағаланды.
Ал, «Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин: ағартушылық жолы мен рухани мұрасы» кезеңінде қатысушылар ұлы ағартушының өмірі мен шығармашылығына қатысты түрлі бағытта ғылыми жобалар дайындап, заманауи форматта презентациялар арқылы өз жұмыстарын қорғады. Ғылыми ізденістерінде олар Ыбырай Алтынсариннің қазақ халқының білім беру жүйесіне қосқан зор үлесін, ағартушылық қызметінің маңызын жан-жақты ашып көрсете алды.
Байқау қорытындысы бойынша:
🏆БАС ЖҮЛДЕНІ: Сайрам аудандық балалар кітапханасының оқырманы - Танысбек Нұрислам иеленіп, 150 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды. Сондай - ақ, бас жүлде иегері мен жетекшісіне Ыбырай Алтынсариннің туған жеріне жолдама сыйланды.
🥇I ОРЫН: Отырар аудандық балалар кітапханасының оқырманы -Тұңғышбай Ай - әлем, қаржылай 100 000 теңге;
🥈II ОРЫН: Түркістан қалалық балалар кітапханасының оқырманы - Ерболқызы Назерке және Жетісай аудандық балалар кітапханасының оқырманы-Махамбетәлі Қарақат, қаржылай 70 000 теңге;
🥉III ОРЫН: Арыс ауданы - Исахан Іңкәр, Қазығұрт ауданы - Сейсен Медина, Сарыағаш ауданы - Сансызбай Ақбота иеленіп, қаржылай 50 000 теңге табысталды.
Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы ынталандыру сыйлықтары табысталды.
«Алтынсарин тағылымы - тәрбиенің темірқазығы» облыстық байқауы аясындағы «Үздік көрме» номинациясымен Шардара аудандық балалар кітапханасы марапатталып, қаржылай 30 000 теңге табысталды.