Бұл айтулы шара өңірдің мәдени-рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып, кітапхана тарихындағы жаңа кезеңнің бастауын білдірді. Биыл 65 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған кітапхананың жаңа ғимараты оқырмандарға заманауи талаптарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Ашылу салтанаты аясында кітапхананың бай тарихы мен ұлттық руханияттағы орнын айшықтайтын арнайы кітап және инсталляциялық көрмелер ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмелер қатарында ұлт ағартушысы, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды кітап көрмесі, сондай-ақ кітапхананың 65 жылдық мерейтойына арналған инсталляциялық көрме ерекше орын алды. Көрмелерде ағартушының мол әдеби-педагогикалық мұрасы, сирек басылымдар, құнды кітаптар мен тарихи деректер көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, кітапхананың алпыс бес жылдық тарихын қамтитын фотошежірелер, архивтік құжаттар, түрлі кезеңдердегі жетістіктер мен кітапхана қызметінің даму жолын бейнелейтін материалдар көрермендерге кеңінен таныстырылды.
Ашылу салтанатының алғы сөзін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеров сөйлеп, көпшілікті балалар кітапханасының жаңа ғимаратының пайдалануға берілуімен құттықтады. Өз сөзінде өңір басшысы кітапхананың өскелең ұрпақтың білім мен тәрбие алуындағы, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы ерекше рөліне тоқталып, жаңа ғимараттың балалардың жан-жақты дамуына арналған заманауи рухани-мәдени орталыққа айналатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Нұралхан Оралбайұлы балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және кітапхана қорын байыту мақсатында кітапхананың алтын қорына 100 кітапты сыйға тартты. Өңір басшысының бұл сыйы кітапқа деген құрметтің, өскелең ұрпақтың білім мен ғылымға ұмтылысын қолдаудың жарқын көрінісі болды.
Сонымен қатар, салтанатты жиында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов құттықтау сөз сөйлеп, кітапхананың жаңа ғимаратқа қоныс аударуы өңірдің мәдени-рухани өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті. Ол жас ұрпақтың білім мен тәрбие алуында кітапхананың алар орны ерекше екеніне тоқталып, ұжымның алдағы жұмысына табыс, оқырмандарына мол рухани қазына мен шығармашылық жетістіктер тіледі.
Құрметті қонақтар жаңа ғимараттың лентасын қиып, балалар кітапханасының жаңа кезеңіне ресми түрде жол ашты. Бұл сәт кітапхана тарихындағы маңызды белес ретінде есте қалып, білім мен руханияттың ордасына айналған жаңа ғимараттың пайдалануға берілгенін айшықтады.
Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар кітапхананың заманауи инфрақұрылымымен танысып, оқырмандарға арналған оқу залдарын, шығармашылық және танымдық кеңістіктерді аралап көрді. Олар жас ұрпақтың сапалы білім алып, кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған осындай игі жобаның маңыздылығына тоқталып, кітапхана ұжымына сәттілік пен толағай табыс тіледі.
Жаңа ғимараттың ашылуы – кітап оқу мәдениетін дамытуға, балалардың рухани және зияткерлік дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған игі бастама. Бұл жаңа кеңістік жас оқырмандардың сүйікті мекеніне айналып, олардың білім мен кітапқа деген қызығушылығын арттыруға қызмет етпек.