Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы ::
logo

Сайт тілің таңдау

Әлеуметтік желілер

Күш атасы – Қажымұқан

25 тамыз 2026 94

Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен қазақтың әйгілі алып күш иесі, әлемді мойындатқан даңқты балуан, елінің намысын арқалаған қайсар тұлға Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 155 жыл толуына арналған «Күш атасы – Қажымұқан» атты танымдық іс-шара өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа қазақ халқының даңқты перзенті Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолы мен спорттағы жетістіктерін таныстыру, оның елге деген сүйіспеншілігін, қайсарлығы мен ерлігін насихаттау, оқушылардың тарихи тұлғаларға деген қызығушылығын арттыру.

Шараға қатысушыларға Қажымұқан Мұңайтпасов туралы кітаптар мен тарихи-танымдық материалдар таныстырылып, «Күш атасы – Қажымұқан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге балуанның өмірі мен спорттық жолын баяндайтын әдебиеттер, естеліктер мен зерттеу еңбектері қойылды.

Сонымен қатар, «Қажымұқан атындағы Түркістан облыстық спорт музейі» арнайы көрме ұйымдастырып, даңқты балуанның өмірі мен спорттық жолына қатысты құнды жәдігерлер мен тарихи деректерді көпшілік назарына ұсынды. Көрме арқылы қатысушылар Қажымұқан Мұңайтпасовтың ел тарихындағы орны мен спорттағы жетістіктерімен жақынырақ танысты.

Іс-шараны Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Түркістан облыстық медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Бейсембаев Бақытжан Жармаханұлы мен Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы көркемсөз үйірмесінің жетекшісі Оразгелдиева Гүлжан Жұмагелдіқызы ашып, Қажымұқан Мұңайтпасовтың ел тарихындағы орны мен ұлт абыройын асқақтатудағы еңбегіне тоқталды. Сондай-ақ жас ұрпақты даңқты балуанның өнегелі өмірінен үлгі алуға, елін сүюге және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырды.

Іс-шара барысында қазақ күресінен республикалық жарыстардың жеңімпазы, шабандоз Рахманқұлов Қайырхан Қанатұлы, Түркістан облыстық асық ату спортының бас маманы, жаттықтырушы Рысбек Нұрбек Әлібекұлы, таэквондодан Түркістан облысының кіші жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Құттыбай Наурыз Сержанұлы және қазақ күресінен жаттықтырушы Сқақ Шыңғыс Әлмаханұлы сөз сөйлеп, спорттың бала денсаулығы мен болашағына тигізер пайдасы туралы ойларымен бөлісті. Олар жасөспірімдерді спортпен тұрақты айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға, табандылық пен жігерлі болуға шақырды. Сонымен қатар, спорттағы жетістікке жету үшін еңбекқорлық, тәртіп пен үздіксіз ізденістің маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара барысында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерлі оқушылары өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып, көрермендерге көркем сөз оқып, ән айтып күй шертті. Сонымен қатар, спорт мектептерінің тәрбиеленушілері шеберліктерін көрсетіп, түрлі спорттық жаттығулар орындады. Жас өнерпаздар мен спортшылардың өнері көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, іс-шараға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Танымдық шара барысында балалар арасында асық ату ойынынан сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің ептіліктерін сынады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Танымдық шараны Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Летаев Рысбек Ермекұлы қорытындылап, танымдық шараға үлес қосқан барша қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдірді. Ол Қажымұқан Мұңайтпасовтың өнегелі өмірі мен ерлікке толы жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі екенін атап өтіп, балаларды кітап оқуға, спортпен шұғылдануға және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырды.

Ұлт мақтанышы атанған алып балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі мен ерлікке толы ғибратты ғұмыры халық жадында мәңгі сақталмақ. Оның қайсарлығы, елге деген сүйіспеншілігі мен спорттағы жетістіктері жас ұрпаққа әрдайым өнеге болып, ұлттық рух пен отансүйгіштікке тәрбиелеуге қызмет ете бермек.


Smart-көмекші
Желіде

Сәлем! Мен сіздің цифрлық көмекшіңізбін: Кажетті санаттары таңданыз