Іс-шараның мақсаты – балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ертегілер арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту және кітапханаға оқырман тарту.
Кеш аясында арнайы кітап көрмелері ұйымдастырылып, келушілер назарына ұсынылды. Көрмелерде қазақ және әлем халықтары ертегілеріне арналған кітаптар, балалар әдебиетінің үздік туындылары мен ертегі кейіпкерлерінің бейнесі сомдалған көркем инсталляциялар қойылды. Қатысушылар көрмені тамашалап, сүйікті кейіпкерлерімен естелік суретке түсіп, кітапхана қорындағы жаңа әдебиеттермен танысуға мүмкіндік алды.
Мерекелік шараға Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Түркістан облыстық медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Бақытжан Жармахан, Филология ғылымдарының кандидаты, сазгер-ғалым, журналист Бекжігіт Сердәлі және ҚР Журналистер одағының мүшесі Алима Пашанова бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Олар балаларды кітапты сүюге, ертегілер мен көркем әдебиетті тұрақты оқуға шақырып, мұндай тәрбиелік маңызы зор шаралардың жас ұрпақтың рухани дүниесін байытудағы рөліне ерекше тоқталды.
Шара барысында кітапхананың маусым айындағы үздік оқырмандары салтанатты түрде марапатталды. Кітап оқуға деген ерекше қызығушылығы мен белсенділігі үшін төмендегі оқырмандарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды:
• Мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқырмандарына қызмет көрсету бөлімінің үздік оқырманы – бір айда 12 кітап оқыған Тәңірберген Айша;
• Орта және жоғары сынып оқырмандарына қызмет көрсету бөлімінің үздік оқырманы – бір айда 14 кітап оқыған Махан Айару;
• Түркістан Оқушылар сарайы ғимаратындағы жылжымалы кітап беру пунктінің үздік оқырманы – бір айда 7 кітап оқыған Әділхан Иманәлі Мақсатұлы.
Үздік оқырмандарды марапаттау рәсімі балаларды кітап оқуға ынталандырып, кітапханаға деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.
Мерекелік кеш барысында ертегі кейіпкерлерінің шеруі ұйымдастырылып, балалар сүйікті кейіпкерлерімен жүздесті. Сонымен қатар қатысушылар «Кейіпкерді тап», «Ертегіні жалғастыр», «Жұмбақтар әлемі» атты танымдық ойындарға қатысып, өздерінің тапқырлығы мен белсенділігін көрсетті. Кеште әсем әндер шырқалып, би билеп, ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған көріністер көпшілік назарына ұсынылды.