Шараны Қазақстан Республикасы Журналистер одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Несіпкүл Өтебаева, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының ардагері Пернекүл Нәльтаева, ұлағатты ұстаз Асел Бимырзаева және ақын Айгерім Жұмалаева ашып беріп, қатысушыларға ізгі тілектерін арнады.
Әдеби кеш барысында кітапхана оқырмандарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және белсенді оқырмандарды ынталандыру мақсатында дәстүрлі «Айдың үздік оқырманы» номинациясы бойынша марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Шілде айында кітап оқуға ерекше белсенділік танытып, ең көп кітап оқыған оқырмандар анықталып, арнайы номинациямен марапатталды.
Атап айтқанда, Мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқырмандарына қызмет көрсету бөлімінің оқырманы Фариза Абдилла бір ай ішінде 24 кітап оқып, жоғары көрсеткіш көрсетті.
Ал Орта және жоғары сынып оқырмандарына қызмет көрсету бөлімінің оқырманы Шайыхслам Айкөркем бір айда 12 кітап оқып, кітап оқуға деген белсенділігімен ерекшеленді.
Екі оқырман да кітапхана өміріне белсене араласып, өз қатарластарына үлгі көрсеткені үшін «Айдың үздік оқырманы» номинациясымен марапатталды.
Кеш барысында белсенді оқырмандардың орындауында балалар әдебиеті мен ақын-жазушылардың шығармаларынан өлең шумақтары мәнерлеп оқылып, әсем әндер шырқалды. Сондай-ақ, балалар әдебиетіне арналған қызықты танымдық ойындар мен викториналар ұйымдастырылып, жас оқырмандар белсенді қатысты.
Кеш көтеріңкі көңіл күйде өтіп, жас оқырмандар үшін кітаптың адам өміріндегі орны ерекше екендігін тағы бір мәрте айқындалды.