Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасында Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасымен бірлесе ұйымдастырылған 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай салтанатты марапаттау кеші өтті. Мерекелік шараға зиялы қауым өкілдері, әдебиет жанашырлары және үздік оқырмандар қатысты. Сондай-ақ, Сауран аудандық, Кентау, Түркістан қалалық және Түркітілдес халықтар кітапханаларының өкілдері қатысып, рухани басқосуға өз үлестерін қосты.
Іс-шара аясында әдеби-мәдени бағдарламалар ұсынылып, көркемсөз оқу, мазмұнды кітап көрмелері мен танымдық таныстырылымдар ұйымдастырылды. Қатысушылар кітаптың құндылығы, оқу мәдениеті және жас ұрпақты кітап оқуға баулу мәселелері төңірегінде пікір алмасып, тағылымды ойларымен бөлісті.
Марапаттау кешінде Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы мен Түркістан облыстық Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Рысбек Ермекұлы сөз сөйлеп, кітап оқу мәдениетін насихаттауда белсенділік танытқан үздік оқырмандарды марапаттады.
Атап айтқанда, Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Үздік оқырманы» Сенбай Айару, Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Үздік оқырманы» Мырзатай Аян Қыдырбайұлы, Сауран аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Үздік оқырманы» Асқар Ақниет Есенғалиқызы, Түркітілдес халықтар кітапханасының «Үздік оқырманы» Қабасов Нұрдәулет Сағидоллаұлы, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының «Үздік оқырманы» Балтабай Кәусәр Мақсатқызы, «Үздік оқырман отбасы» аталымы бойынша Тілеубергеновтер жанұясы, Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының «Үздік оқырманы» Божбанбай Ердәулет және «Үздік оқырман отбасы» Оңласыновтар жанұясы арнайы марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
Мерекелік кеш барысында кітаптың рухани құндылық ретіндегі маңызы кеңінен насихатталып, кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Кеш көтеріңкі көңіл күйде өтіп, қатысушыларға рухани әсер сыйлады.