Шараға «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері арнайы қатысып, Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен шығармашылық-ғылыми мұрасын танытатын көрме жасақтады. Көрмеге тарихи-танымдық әдебиеттер, фотосуреттер, архивтік материалдар мен қайраткердің ел мәдениеті мен тарихына қатысты еңбектері қойылды. Көрме арқылы қатысушыларға Өзбекәлі Жәнібековтің сан қырлы қызметі мен ұлттық мұраны жаңғыртудағы айрықша еңбегі туралы мол мағлұмат берілді.
Еске алу кешін ҚР Білім беру ісінің құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласы Әжелер алқасының төрайымы Серім Айғаным Абанқызы және «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Адырбекова Баян Садыққызы ашып, Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мәдениет пен тарихты жаңғыртудағы ерен еңбегіне тоқталды. Қайраткердің ел руханиятына қосқан үлесі мен өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету қажеттігін атап өтті.
Кеш барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи тұлғалардың өнегелі жолын жас ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар жас оқырмандарға арналған танымдық баяндамалар, көркемсөз оқу және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Арнау өлеңдер арқылы жас оқырмандар қайраткердің ұлттық руханиятқа қосқан үлесін дәріптеп, тұлғаға деген құрметтерін білдірді.
Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық мәдениет пен тарихи сананы жаңғыртуға ғұмырын арнаған, елдің рухани дамуына зор үлес қосқан біртуар тұлға. Оның өнегелі өмірі мен халқына жасаған қызметі бүгінгі ұрпақ үшін қашанда тағылым мектебі болып қала бермек.