Тағылымды шараның негізгі мақсаты – ұстаздың шығармашылық еңбегін насихаттау, оқырман қауымға жаңа кітаптың мазмұнын таныстыру, жас ұрпақты кітап оқуға, білімге, ізденіске және шығармашылыққа баулу.
Тұсаукесер рәсіміне орай кітапхана төрінде арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Ұлағатты ұстаз, өнегелі ғұмыр» атты көрмеге автордың әр жылдары жарық көрген мақалалары мен еңбектері, сондай-ақ ұстаздық және шығармашылық жолын танытатын материалдар қойылды. Көрме арқылы оқырмандар қаламгердің шығармашылық мұрасымен жақынырақ танысып, оның білім мен тәрбие саласындағы еңбектеріне шолу жасады.
Кеш модераторы – Филология ғылымдарының кандидаты, сазгер-ғалым, ҚР-ның Құрметті Журналисі Сердәлі Бекжігіт Кенжебекұлы болды. Ол тұсаукесер кешін жоғары деңгейде жүргізіп, кітаптың мазмұны мен идеялық құндылығына терең үңілуге мүмкіндік берді.
Тұсаукесер рәсімін Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбеков Қыдырәлі Оспанұлы, ҚР Білім беру ісінің құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласы Әжелер алқасының төрайымы Серім Айғаным Абанқызы, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан облысы, Түркістан қаласы Әйелдер алқасының төрайымы Мұстафаева Ұлжан Әбенқызы, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Тоймахан Шоқан Баймаханұлы, Республикалық «45minut» газетінің, сайты мен порталының бас редакторы, журналист Нағиев Ізгілік Байдрахманұлы ашып, автордың шығармашылық жолына кеңінен тоқталды.
Қонақтар авторға ізгі лебіздерін білдіріп, оның ұстаздық және шығармашылық жолына жоғары бағасын берді. Ақ тілектерін арнап, жаңа еңбектің оқырманға жол тартуына сәттілік тілей отырып, арнайы рәсімде кітаптың тұсауын кесті. Жаңа туындының ғибратты ойы мен тәрбиелік тағылымы көпшілікке ой салып, жас ұрпаққа рухани азық боларына сенім білдірді.
Шараға Түркістанның зиялы қауым өкілдері, елге еңбегі сіңген ардагерлер, белгілі қоғам белсенділері, білім саласының майталмандары мен ұстаздар қауымы, қаламгерлер, кітапхана оқырмандары және жас буын өкілдері қатысты. Рухани басқосуға жиналған қонақтар автордың сан жылғы ұстаздық және шығармашылық еңбегіне тоқталып, жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтады. Кездесу барысында қаламгердің еңбегіне жоғары баға беріліп, шығармашылық жолына сәттілік, толағай табыс пен жаңа белестер тілеген ақжолтай тілектер айтылды.
Шара соңында Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Летаев Рысбек Ермекұлы құттықтау сөз сөйлеп, авторды айтулы шығармашылық жетістігімен құттықтады. Өз сөзінде ол Несіпкүл Мейманханқызының ұзақ жылдар бойы білім мен тәрбие саласына сіңірген еңбегін, ұстаздық қызметпен қатар шығармашылықты ұштастыра білген ізденісін атап өтіп, жаңа кітабының оқырман қауым үшін берері мол тағылымды еңбек екеніне тоқталды.
Сондай-ақ, Несіпкүл Мейманханқызын Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бақытжан Шынарбайұлының Алғыс хатымен марапаттап, шығармашылық еңбегіне деген құрметтің белгісі ретінде арнайы сый-сияпатын табыстады.
Тағылымды кеш автордың шығармашылық еңбегін дәріптеп, ұстаздық жолын кейінгі ұрпаққа үлгі етуімен ерекшеленді. Осындай рухани кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайта бермек.