Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы ::
logo

Сайт тілің таңдау

Әлеуметтік желілер

Балалықтың сырын ұққан қаламгер

24 қыркүйек 2026 191

Тағылымды шараның басты мақсаты – жас оқырмандарға қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығын таныстыру, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қаламгер мен оқырман арасындағы рухани байланысты нығайту.

Кездесу барысында жазушының өмірі мен шығармашылық жолы, балалар әдебиетіне қосқан үлесі кеңінен сөз болды. Қаламгердің балғын оқырмандарға арналған шығармаларындағы балалық шақтың мөлдір әлемі, бала мінезі, достық пен адалдық, туған жерге деген сүйіспеншілік секілді тақырыптар жайында әңгіме өрбіді.

Кездесу кешіне «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Баян Садыққызы Адырбекова, ҚР Құрметті журналисі, «Ажар» сыйлығының лауреаты Роза Сыздыққызы Нарымбетова, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағы мен Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері Несіпкүл Мейманханқызы Өтебаева, Филология ғылымдарының докторы, профессор, «Түркі әлемінің үздік педагогы», Қазақстанның құрметті азаматы Сейдулла Садықов, Арыс ауданының Құрметті азаматы, Арыс телевидениесінің басшысы, әнші-композитор Махамбет Төлебеков арнайы қонақ болып қатысты. Қадірлі қонақтар қаламгер шығармашылығы туралы жылы лебіздерін білдіріп, жас оқырмандарға ізгі тілектерін жеткізді.

Кеш барысында кітапхана қорындағы қаламгердің шығармалары таныстырылып, әдеби шолу жасалды. Оқырмандар жазушының туындыларынан үзінділер оқып, шығарма желісі бойынша арнайы көрініс көрсетті.

Толымбек Әбдірайым балалардың жан дүниесін терең түсініп, олардың ой-арманы мен қызығушылығын шығармаларына арқау еткен қаламгер ретінде оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Жас жеткіншектер жазушыға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, шығармашылық жолы, кітап жазу барысы және кейіпкерлерінің өмірге келуі туралы сұхбаттасты.

Кездесу кеші жас оқырмандар үшін қаламгер шығармашылығымен жақынырақ танысып, әдебиет әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік берген мазмұнды басқосу болды.

Шара соңында Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы директорының орынбасары Исабекова Айгүл Бақытқызы қорытынды сөз алып, тағылымды кездесудің балалар үшін ерекше әсер сыйлағанын атап өтті. Қаламгерге шығармашылық шабыт тілеп, қонақтар мен оқырмандарға алғысын білдірді. Сондай-ақ жас ұрпақты кітап оқуға, әдебиетті сүюге және рухани құндылықтарды бағалауға шақырды.

Балалықтың бал дәуренін қаламына арқау болып, бала жүрегіне жол тапқан жазушымен жүздесу – жас оқырмандардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, көркем әдебиетті бағалауға жетелейтін тағылымды кездесу болды.


Smart-көмекші
Желіде

Сәлем! Мен сіздің цифрлық көмекшіңізбін: Кажетті санаттары таңданыз